Алыстан келген ағайындарға жайлы пәтер кілттерін салтанатты жағдайда тапсырған ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, бұл үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес шешімін тауып отырған игілікті шара. Оған бюджеттен 1 миллиард 266 миллион теңге қаржы қарастырылған болатын. Енді міне, бағдарламаға сәйкес 138 қос пәтерлі үйлер бой түзеген. Мұнда қора-қопсы, бау-бақшалық жер телімі ескерілген. Үйлерге орталықтандырылған су жеткізіп беру ісін жүзеге асырған «Көкшетау су арнасы» мемлекеттік мекеме басшысы Бақытжан Ахметовтың мәлімдеуінше, ұзындығы 1 200 метрлік су құбырын тартуға бюджеттен 11,5 миллион теңге қаржы қарастырылып, қысқа мерзімде шешімін тапқан. Тұрғын үйлерді «Көкшетау құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі небәрі бес айда бітіріп отыр. Көше бойына қатты жамылғылы жол төселіп, жарықтандырылған. Министрдің айтуынша, бұл жарқын бастама келер жылы да жалғасын тауып, Елбасының тапсырмасына орай ағайындарымыздың ортамызға оралуына мүмкіндік жасалатын болады. Өз кезегінде облыс әкімі Альберт Рау мен «Сарыарқа» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Берік Камалиев несиені төлеу, тұрғындарды жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету, білім және мәдениет ошақтарымен қамтып, олардың жұмысы ойдағыдай болуына қолдау көрсететіндіктерін білдірді.
http://inform.kz/kaz/article/2213610